Қазақстанда жаңа Конституция қабылдау қажет – заңгер

Қазақстанда жаңа Конституция қабылдау қажет. Бұл туралы заң ғылымдарының кандидаты, PhD Алмас Жұмағали еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіруге қатысты өткен жиында айтты.

Дөңгелек үстелге қатысушылар мемлекеттік билік механизмінде Конституциялық Сотты құру биліктің бөліну принципіне, конституциялық процестің үздіксіздігі мен қайтымсыздығына, мемлекеттік органдардың қоғам мен халық алдындағы жауапкершілік алатынына кепілдік беретінін айтты. Сондай-ақ азаматтар мен басқа да құқық субъектілеріне құқықтары бұзылған жағдайда тікелей қорғауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Заңгер Алмас Жұмағалидың айтуынша, Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесін жетілдіру мәселесіне келгенде өзгерістерді алдымен Конституциядан бастау керек.

«Саяси реформаның ең бастысы – Конституцияға өзгеріс енгізу. Тіптен жаңа Конституция қабылдау қажет. Президенттің 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» жолдауында айтқан шешімдері, бастамасы дұрыс. Бірақ сөз күйінде қалмай, жұмыс тобы тез арада өзгерістерді Конституциялық заңдардан бастап енгізуі керек. Конституциялық соттың қайта қалыпқа келуі өте дұрыс. Сонда халық ойын ашық айта алады. Сонымен қатар елімізде мажоритарлық және пропорционалды сайлау жүйелері қатар болуы керек. Президент мажоритарлық жүйені 30 пайыз енгізіп жатыр, бірақ түбінде елуде елу болуы керек деген ұсыныс айтылды», – деді Сулейман Демирель атындағы университеттің аға оқытушысы.

Талқылауға қатысқан заңгерлер қолданыстағы заңды жетілдіргенде өз құқықтарын жүзеге асыруда көптеген қиындықтарға тап болып отырған азаматтардың құқықтары мен бостандықтары туралы блокқа ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.

«Құқық үстемдігі институтының» сарапшысы, заң ғылымдарының докторы Лейла Жанұзақова облыс әкімдерін тікелей сайлау туралы ұсынысын айтты. «Қоғам облыс әкімдерін де тікелей сайлауды талап етеді. Пилоттық жоба ретінде Қазақстанның бір облысында сайлау өткізу керек. Бірақ үміткерлер саяси партиялардың ұсынысымен ғана емес, қоғамдық бірлестіктердің де қатысуымен, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну арқылы да қатысуы тиіс. Бұл тікелей демократия институтының қалай жұмыс істейтінін көру үшін қажет», – деді профессор. Шара Сулейман Демирель атындағы университет пен «Құқық үстемдігі институты» ұйымының ұйымдастыруымен өтті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Halyk Homebank қосымшасы арқылы тұрғылықты жерге тезірек тіркеле аласыз.

Сей Сәу 12 , 2022
Оқылды: 940 Тұрғылықты жеріңіз бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеуді тез әрі ыңғайлы рәсімдеу қажет пе? Halyk Homebank қосымшасындағы бірегей жаңа сервисті пайдаланыңыз және тіркеуге өтінімді бірнеше минут ішінде беруге болады.      Енді көшіп келген тұрғылықты жерге тіркелу үшін Halyk Homebank қосымшасы орнатылған смартфонның болғаны жеткілікті. Жаңа сервисті пайдаланудың маңызды шарты […]