2025 жылғы 10–11 қыркүйек күндері ҚР Қорғаныс министрлігінің «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты, Спасск оқу-жаттығу орталығында республикалық деңгейдегі «Алау» әскери-спорттық ойыны өтті.

Жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін нығайтуға бағытталған бұл шараға еліміздің 20 өңірінен 180-нен астам қатысушы жиналды.Қарағанды өңірінің намысын аталмыш додада №91 жалпы білім беретін мектебінің «Жас қырандар» командасы мен Н. Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектептің «Жас ұлан» командасы қорғады. Екі команда да жоғары дайындық пен мықты рух көрсетіп, жүлделі орындардан көріне білді.

Іс-шара аясында «Саптық даярлық және патриоттық ән орындау» номинациясы бойынша:1 орын – Қарағанды қаласының «Жас ұлан» командасына лайық деп танылса, 3 орын – Қарағанды облысының «Жас қырандар» командасының қанжығасына байланды. «АК-74 автоматын бөлшектеу және жинау» сайысында: 1 орын – Қарағанды облысының «Жас қырандар» командасына, 2 орын – Қарағанды қаласының «Жас ұлан» командасына бұйырды. Жас сарбаздар жоғары әскери-спорттық дайындықтарын, тәртіп пен ұйымшылдықты, сондай-ақ командалық рух пен жауапкершілікті айқын көрсете білді. Олардың жеңісі – мектептегі әскери-патриоттық тәрбиенің нәтижесі ғана емес, сонымен қатар ұстаздар мен жетекшілердің жүйелі еңбегінің жемісі. Аталған республикалық ойын жас ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін арттырып, әскери қызметке деген қызығушылығын оятуға бағытталған маңызды алаң болып табылады. Осындай жарыстар арқылы жасөспірімдер өз шеберліктерін шыңдап, бір-бірінен үйреніп, жаңа достар табады.


