Қарағандыда «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің басшылық құрамымен оқу-әдістемелік жиындар өтті

«Спасск» оқу орталығының базасында «Астана» өңірлік қолбасшылығына бағынысты әскери бөлімдердің басшылық құрамымен оқу-әдістемелік жиындар ұйымдастырылды. Іс-шараға әскери бөлімдердің командирлері мен олардың орынбасарлары қатысты.

Жиын барысында қызметтік қызметті ұйымдастыру тәртібін біріздендіру, сондай-ақ бөлімшелерді басқарудың формалары мен әдістерін жетілдіру мақсатында нұсқаушы-әдістемелік және тәжірибелік сабақтар өткізілді. Ерекше назар жауынгерлік дайындықтың тиімділігін арттыруға, әскери тәртіпті нығайтуға және бөлімдердің жоғары жауынгерлік әзірлігін сақтауға аударылды. Сонымен қатар жиын аясында «Жеке құрам тәртібін нығайтудың кешенді тәсілі» тақырыбында әскери-ғылыми конференция өтті. Конференцияға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары – Оперативтік жоспарлау департаментінің бастығы генерал-майор Даурен Манап және ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының орынбасары полковник Тлек Серікпаев қатысты. Конференцияда әскердегі әдепсіз қатынастардың алдын алу, суицидтік көріністер мен құмар ойындарға әуестенудің (лудоманияның) алдын алу мәселелері қарастырылды. Екі күнге созылған жиын «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің 2025 оқу жылындағы дайындық қорытындыларын шығарып, 2026 жылға арналған міндеттерді айқындаумен аяқталды. Басшылық табысты қызметтің басты кепілі — кәсібилік, командирлердің бірлігі мен әрбір әскери қызметшінің өз ісіне жауапкершілікпен қарауы екенін атап өтті.

– Өткен оқу жылында «Астана» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері үлкен жұмыс атқарып, өздеріне жүктелген міндеттерді мінсіз орындады. Жоғары ұйымдастыру мен ауызбіршіліктің айқын үлгісін көрсетті, – деді, ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары – Оперативтік жоспарлау департаментінің бастығы генерал-майор – Даурен Манап.

 Оқу жылының қорытындысы бойынша үздік әскери бөлімдердің рейтингі жасалды. Тұрақты дайындықтағы бригадалар арасында ең үздік деп 06708 әскери бөлігі, қамтамасыз ету бөлімдері арасында – 35835 әскери бөлігі, дербес бөлімшелер арасында – 85510 әскери бөлігі, ал аумақтық қорғаныс бригадалары арасында – 99260 әскери бөлігі танылды. Үздік бөлімдердің командирлері алғыс хаттармен және ауыспалы кубоктармен марапатталды. Сонымен қатар ерекше көзге түскен, бастамашыл әрі кәсіби шеберлігімен танылған әскери қызметшілер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

– Біздің бөлімнің әрбір әскери қызметшісі Отан мен ұжым алдындағы жауапкершілігін жақсы түсінеді. Біз өз шеберлігімізді ұдайы жетілдіріп, дайындық пен бірлігімізді арттырып отырамыз. Рейтингтегі жеңіс – алға жылжуға, жоғары тәртіп пен жауынгерлік дайындық деңгейін сақтауға үлкен серпін береді, – деп атап өтті, 06708 әскери бөлімінің командирі – подполковник Дамир Шарипов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

АЛАШ АСПАНЫНЫҢ АҚСҰҢҚАРЫ

Дүй Қар 17 , 2025
Оқылды: 55 «Ежелден ер тілегі – ел тілегі. Адал ұл ер боп туса – ел тірегі» Бауыржан Момышұлы   Мектепте оқитын кезім. Сегізінші сыныпта жүргенімде ата-анам үйге компьютер салып алды. Сабағымды дайындап болған соң, бір сәт бұған дейін мен үшін «қолжетпес» болған осы «сиқырлы жәшікке» үңілемін. Мені «Call of duty» […]