Қарағанды облысының киелі жерлері

Әлемдегі індеттің таралуына байланысты шетелге саяхаттауда қиындықтар туындады. Сондықтан өз елімізде, аймағымызда да тарихы бай, мәдени, қызықты демалыс орындары жеткілікті. Қарағанды өңіріндегі киелі орындармен таныса отырыңыздар.

Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен ұлттық бірлік нышаны ретінде қоғамдық өмірде ерекше маңызға ие киелі орындар бар. Олар – халық арасында ерекше құрметке ие мәдени мұра ескерткіштері. Атап айтсақ, зайырлы және діни сәулет өнері нысандары, табиғи ландшафт ескерткіштері, сонымен қатар, маңызды тарихи оқиғалармен тығыз байланысқан тарихи құндылыққа айналған нысандар бар. Барлығын тізіп шығу мүмкін емес шығар, сірә. Себебі, елімізде тұратын әр өңірдің халқы үшін, тіпті, әр адам үшін аса құнды, ерекше ілтипатпенен қабылданатын нысандар мен орындар баршылық.

«Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы осындай бірегей орындардың оншақтысын жіктеп алыпты. Орталық сарапшыларының пайымынша, олардың барлығы ерекше қасиетті орындар.

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

ҰЛЫТАУ, ӘУЛИЕТАУ ШЫҢЫ (АҚМЕШІТ)

Әулиетау (Ақмешіт) – Ұлытаудың ең биік шыңы. «Ұлытау» дегеннің өзі «Ұлы», «Биік» деген мағынаны білдіреді. Алайда, бұл таулардың өзі, ғылыми тұрғыдан алып қарағанда, іс жүзінде соншалықты биік емес. Сондықтан «Ұлытау» атауы киелі, қасиетті деген мағынада. Қазақ мемлекеті үшін бұл өлке шынымен де үлкен маңызға ие. Мемлекетіміздің кіндігі десек те артық айтқандық емес. Осы өлкеде ежелден бері көшпенділердің көптеген қасиетті нысандары сақталған. Әулиетауда бірсыпыра көне қорымдар бар.

Әулиетау шыңы аспанға тіреледі. Оның шоқтығы Жер мен Көк түйісетін орын. Ежелгі Түркі дәуірінен осы тау, таудың айналасы киелі жер болып есептеледі. Сондықтан болар, осы аймақ Жаратушыға тағзым ету өлкесі, Табиғат ана адам баласын алақанына салып, аялайтын, мәпелейтін жері деген ұғым қалыптасқан. Ерте заманнан-ақ Ұлытауда өзіндік бір ерекше қасиетті заңдары орнап, осы талаптар бойынша өмір бірқалыпты жалғасып келеді. Бағзы заманнан бұл өңірді Жаратушыға тағзым ету орны деп белгілеп, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз Әулиетауға түрлі рәсімдерді өткізуге келетін болған. Бұл дәстүр осы күнге дейін жалғасып келеді.

ЕДІГЕ ШЫҢЫ

Едіге шыңы Ұлытау ауылынан батысқа қарай 35 шақырым қашықтықта орналасқан. Оның төбесінде Алтын Орданың атақты билеушісі Тоқтамыс хан жерленген. Сонымен қатар Едіге шыңында орта ғасырларда аса зор беделге ие болып, әділ, әрі шешен би Едігенің моласы да бар. Сондықтан да халық тауды «Едіге шыңы» деп атап кеткен. Тоқтамыс хан 1380-1395ж.ж. аралығында Алтын Орданы билеген. Едіге Тоқтамыс ханның замандасы, басында кеңесшісі болыпты деседі. Кейінен Едіге би мен Тоқтамыс ханның арасында келіспеушілік туындап, артынан Едіге Ноғай Ордасын құрған. Алтын Орданы ішкі жанжалдар жан-жаққа бытыратып, әр ұлыстың көсемі жеке өзі билеуші болғысы кеп, хан билігіне бағынбай, сес көрсетіп жүрген заман. Сол кезде Едіге би Ноғай Ордасын нығайтып, халқын жұмылдыра біліп, үлкен саяси күшке айналдырған. Елдіктің, мемлекеттің қуаты халық бірлігінде екенін жақсы түсінген. Тоқтамыс ханды да Едіге би өлтірді деген мәліметтер кездеседі. Қазақ, қарақалпақ және башқұрт халықтарының ауыз әдебиетінде дәл осы Едіге би Ноғай Ордасының негізін қалаушысы әрі билеушісі болып суреттеледі.

АЛТЫН ШОҚЫ

Алтын шоқы – Қарағанды облысында Ұлытаудағы ең биік шоқы. Бұл тауды әйгілі Ақсақ Темірдің (1336-1405) есімімен байланыстырады. Аңыз бойынша, 1391-ші жылдың тамыз айында Ақсақ Темір 200 мың сарбазы бар әскерімен Сарыарқаның қақ ортасына дейін, Ұлытауға жеткен. Мәуереннахр әмірі Тоқтамыс ханға қарсы жорыққа шығып, Бетпақдала шөлінен өткен. Сол шөл даладан кейін арқа төсіне жетіп, Жошы ханға тиесілі ұлыстың табиғатына тәнті болған Ақсақ Темір, самал жел соққан, жанға да, малға да жайлы өлкеде бірнеше күн тынығып алуды жөн көреді. Ұлытаудың жайлылығына тәнті болған билеуші бір төбенің басына тастан қашап, ескерткіш орнатуды тапсырады. Сол тасқа арнайы жазу жаздыртыпты. 1935-ші жылы алғаш рет алты ғасыр өткен танымал қазақ ғалымы, геолог, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Ғылым Академиясының ең бірінші академигі Қаныш Сәтпаев ағамыз Орталық Қазақстанға жасаған экспедиция кезінде осынау үлкен тастан жасалған ескерткішті Ұлытау ауданының Ақшоқы деген жерінен тапқан.

Кейбір деректер бойынша, жазу метеорит тасына қашалған көрінеді. Жәдігердің өзі Санкт-Петербордың мұражайында сақталған. Бұған дейін тас плитасы үлкен үңгірді жауып тұрған, ал, сол үңгірде кірпіш күйдіретін пеш орнатылған екен. Қазір Алтын шоқы төбесінде сол тастың толық нұсқадағы көшірмесі орнатылған. Оған да Ақсақ Темір қалдырған жазба қашалып жазылыпты.

ЖОШЫ ХАН КЕСЕНЕСІ

Моңғол дәуіріне жатқызылатын Жошы хан кесенесі ХІІ-ХІІІ ғасырларда тұрғызылған. Кесене Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында орналасқан. Тұрған жері Жезқазған қаласынан солтүстк-шығысқа қарай 50 шақырым. Қаракеңгір өзенінің сағасында, оң жағалауынан 2 шақырым жерде, Малшыбай аулының маңайында. Кесене 1227-ші жылы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыға тұрғызылған деген деректер бар. Сонымен қатар, бірқатар мәліметтер бойынша, оны XIV немесе XV ғасырда Жошы хан ұрпақтарының бірі салғызған деген әңгімелер айтылады.

Кесененің тұрғызылу тарихы тек ауыз әдебиетіндегі аңыздарға негізделеді. Жошы ханның ордасы Ұлытауда тігілген деседі. Хан Сарыарқа төсінде аңға шыққанды жақсы көріпті. Тарихтан білетініміз – Шыңғыс хан Еуразия құрлығының жартысын басып алғанда, төрт ұлының ішінде Дешті-Қыпшақ даласын Жошы хан еншілеген. Кейін әкесіне бағынбай кетіп, бұйрықтарын орындамады деген аңыз бар. Дүниежүзін бір сілкіндірген хан бұған дес бермей, Жошы ханға тыңшыларды жіберіпті дейді. Олар ханның өліміне әкеліп соққан оқиғаны ұйымдастырыпты. Аңыз бойынша, Жошы хан аңға шыққанда қаза тапқан. Жабайы құландардың бір үйірін қуып, сол үйірді басқарған айғырды оғымен жаралапты. Алайда, құландар қаша жөнеледі. Жошы хан артынан қуып барғанда сол үйірдің айғыры, ақсақ құлан бір сәтте кері бұрылып, ханның өзіне бас салады. Аттың үстінен жұлып алып, оң қолын шайнап тастаған екен. Дәл осы аңыз бұл кесенеде Жошы хан жерленгенін растайды. Кеңестік археологтар 1946-шы жылы кесенедегі қабірде жерленген екі мәйіттің бірін қазып алған. Оның оң қолы жоқ, ал бас сүйегі жарылған болып шықты.

Жошы хан кесенесін алғашқылардың бірі болып Шоқан Уәлиханов ғылыми тұрғыдан зерттеген. 1855 жылы жарық көрген «Қырғыз-қайсақ бейіттері және жалпы ежелгі жәдігерлер туралы» мақаласында осы кесене туралы жазады. 1868 жылы Красовский деген подполковник «Сібір қырғыздарының өлкесі» деген еңбегінде осы кесене туралы көп мағлұмат берген.

АЛАША ХАННЫҢ КЕСЕНЕСІ

Бұл мазарды ұсталар ХІ-ХІІ ғасырларда Алаша ханға арнап тұрғызыпты-мыс. Оның есімі қазақ халқының үш жүзінің пайда болуымен тікелей байланысты. Қазақстандағы ең атақты мазарлардың бірі Қаракеңгір өзенінің сағасында, Қарағанды облысының Ұлытау ауданында, Малшыбай ауылына жақын маңда орналасқан.

Қазақ халқының этногенезін зерттесек, ІХ ғасырдың бірінші жартысы мен Х ғасыр көлемінде бүгінгі Қазақстан аумағын мекендеген көшпелі халық өздерін Алаш деп атаған. Алаша хан, аңыз бойынша, Ұлы далада көшіп жүрген алты негізгі рулардың басын қосып, Сарыарқада мемлекеттіліктің негізін қалаушы болған. Қазақтың ауыз әдебиетінде оны дана билеуші, қайсар батыр, әділ би, көреген саясаткер ретінде сипаттайды. Ұлттық санада Алаша хан бейнесі ерекше рольге ие. Көшпенділер оны ортақ бабамыз деп есептейді.

Алаша хан кесенесі Ұлы даладағы ортағасырлық сәулет өнерінің ескерткішіне айналған. Орталық Қазақстандағы архитектуралық дәстүрдің қалыптасуына сеп болған. ХІХ-ХХ ғасырдың басында қазақтың ақсүйектеріне арналып салынған мазарлардың барлығы соның үлгісімен тұрғызылған. Тіпті, ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдары салынған Дүзен Сандыбаев кесенесі – осы Алаша хан моласының тікелей көшірмесі деген мәлеметтер бар. Оны тұрғызған құрылысшы Серәлі Еламанұлы күн сайын салт атпен Алаша хан кесенесіне барып тұрған деседі. Сөйтіп, оның құрылымы мен ішкі қаңқасының орналасуын, салыну әдетін толық зерттеген, есіне сақтап барып, өзі де сол құрылысты қайталаған деген әңгімелер бар.

Дереккөз: https://assembly.kz/ 

Ақпаратты http://aimaq09.kz/ сайтына дайындаған

Аида БЕРТУКЕНОВА Қарағанды қаласы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

29 жыл бойы 26 мыңнан аспады...

Сен Мам 16 , 2020
Оқылды: 2  336 Қазақстан Республикасы Конституциясының 28-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматына ауырғанда, мүгедек болып қалғанда, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негізде ең төменгі жалақы мен зейнетақыға, жасы бойынша әлеуметтік қамтамасыз етуге кепілдік беріледі. Ал зейнетақы мөлшері 29 жыл бойы мүлде көбеймеуі мүмкін бе? http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре […]