Ахмет атамыздың арманы орындала ма?

Редактор бағаны

Қыркүйектің бесі-Қазақстан халқы тілдері күні. Бұл күні ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы туған. Ана тіліміздің дамуына атсалысып жүрген елімізде де, өңірде де тұлғалар жетерлік. Мейрам аясында жалпы ұлтым деген азаматтарды, тіл жанашырларын, сала мамандарын, қазақ тілінің өркендеуіне үлес қосқан барша жанды атаулы мерекемен құттықтаймын!

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

Осы орайда ойға оралған мәселелерді айта кетсек. Қайраткер тұлға Ахмет атамыз қазақ тілінің емлесін түзді. Терминдерін жасады. Ахмет атамыз орыс тіліне, ағылшын тіліне, басқа тілге қызмет көрсеткен жоқ. Өле-өлгенше тек өз ұлтына қызмет қылды, ана тіліміздің өркендеуіне барын салды. Сонда А.Байтұрсынұлының туған күнін «Тілдер мерекесі» атаған қаншалықты дұрыс? «Мемлекеттік Қазақ тілі» мерекесі болуы керек емес пе?

«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» Ахмет Байтұрсынұлы.

Тағы бір ойландыратын жағдай тілдер мекемесі сартап болған, дәстүрлі жобалардан арылып, тың ізденістерді қолға алса, көпке пайдалы жаңа ізденістерге байқау жарияласа. Балалар көретін қызықты анимациялық дүниелерді және үлкендерге мотивация беретін әдістемелерді қолданысқа енгізсе. «Абай оқулары», «Бұқар жырау оқулары» деген сияқты шаралар жалпы пайдалы болғанымен, жаппай көпшілікке аса әсері жоқ. Енді елді дүр еткізіп, жаппай халықтың бетін бұратын істерді қолға алған тиімдірек.

Сондай-ақ өткен жолы елімізде дерт дендегенде Қарағандыдағы денсаулық сақтау және санитарлық-эпидемиялық мекемелердің ақпараттары орыс тілінде тарады. Ол деректер әбден уақыты өткен соң шала-пұла аударылған сияқты болды. Ал ауруханаларда, үйінде ауырып жатқандардың басым бөлігі қазақтар… Солардың көпшілігіне қазақ тілінде ақпарат жетпей қиналды. Аймағымыздағы өзге мекемелердің де мемлекеттік тілді игеру жағынан асып бара жатқаны шамалы. Кейінгі кезде қазақ тілінде өтетін ресми жиындар да сиреді. Сондықтан облыс әкімдігі шенеуніктерге арнайы «Тіл үйрену» бағдарламасын қабылдау керек. Ол бағдарлама қатаң бақылауға алынып, жүйелі түрде жүргізілсін. Басқаларға үлгі болуы үшін және қазақ тілді ортаның, алдына келген жанның мұқтажын түсіну үшін де ең бірінші шенділер мемлекеттік тілді білуі міндет. Ресми жиындарда баяндамаларын қазақ тілінде оқысын, отырыстарын қазақ тілінде өткізсін. Ал қанша үйренгенімен, қолданыста болмаған тіл санадан өшеді. Көршінің тілінде сөйлейтіндерге синхронды ілеспе аударма құралын пайдалана ма, жоқ басқа амалы бола ма, билік бір жолын табу тиіс.

Журналистер арасында «Ақтөс» деген термин бар. Кейбір шенеуніктер «адамның досы» иттер сияқты қазақша сөйлесең түсінеді, сөйлей алмайды. Арасында мүлдем түсінбейтіндер де бар. Облыстағы шенділер арасында, басшылық қызметте осы «ақтөстер» көбейіп барады. Тілшілерден «Ақтөстен сұхбат алып келдім»,-дегенді жиі естиміз. Бүгінде қазақ тілді жұрт қыстың күні өзендегі ауа жетіспейтін балыққа ұқсап тұр. Біреу барып мұзды ойса, балықтың бәрі сол ойыққа шүпірлеуші еді ғой. Қазіргі қазақ тілді қауым да қазақ тіліне шөлдеп отыр. Орыс тілді бір шенеунік немесе өзге ұлт өкілі мемлекеттік тілде ауыз ашса, соған мәз болады. Керісінше мемлекеттік тілді білу әр азаматтың, оның ішінде халықпен жұмыс істейтін әрбір мемлекеттік қызметкердің парызы емес пе? Оны түсінетін шенеунік қайда? Әй қайдам…

Біздегі орыс тілді ортаның таным-түсінігі мүлдем бөлек. Олар өзге планетада өмір сүріп жатыр. Сол сияқты қазақ тілді қауымның да өзіндік көзқарасы ерекшеленіп тұрады. Оған қоса бүгінде қазақ тілді ағайынның қарасы да көбейген, белсенділігі де күшейген. Өңірде бір-біріне дес бермейтін екі топ қалыптасып келеді. Екі жаққа қисайған қауым осылай кете берсе, түбінде Күлтөбенің басында емес, тұрысатын жерде кездесетін сияқты. Онда билік өкілдері қасықтап жиған абыройынан бір-ақ сәтте айырылатыны сөзсіз. Бұл мәселелерді шешуге облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы өзі тікелей белсенді түрде кіріспесе, атқарған ісінің, берген есебінің бәрі де бос сөз болып қалады. Аймақ басшысы мәселені шешуге уәдесін берген. Әзірге әлі күтіп жүрміз… Тілдер мерекесі күнінде тіл жанашырларына дәстүрлі түрде сыйлық табысталады. Көпшіліктің қазақ тіліне деген ынтасын арттыру үшін «Тіл жанашыры» сыйлығын беру дұрыс шығар. Алайда сыйлықты беруші де, алушы да бұл сыйлықтан жоғары тұрса екен дейміз. Енді бұрынғы сүрлеуден шығып, жаңа белеске көтерілсе… Сыйлық үшін емес, ана тілімізді дамыту үшін, ұлт үшін қызмет қылсақ, бәлкім сонда мақсатымызға жетерміз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Қазақстанда қазақ тілі қашан өркендейді?

Дүй Қыр 7 , 2020
Оқылды: 3  438 http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар. Түркияда білімімді жоғарылату үшін оқып жүрген шағымда, таңның атысынан күннің батысына дейін, ана тілінде сөйлейтін түріктерге «қандай бақытты екендеріңді білмейсіңдер»,- деуші едім. Сол кездер советтік-коммунистік жүйенің қазақты кеңірдегінен алып тұншықтырып, тілімізді жұлуға аз қалған шағы еді. Ағайын түріктер менің айтқан сөзіме […]